Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі жауапты хатшысының 2016 жылғы

«____» ______________ №_______ бұйрығымен бекітілген

 

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің

Экспортты дамыту және ілгерілету департаменті туралы ереже

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің

Экспортты дамыту және ілгерілету департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымы, штат саны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысымен бекітіледі

4. Департамент:

1) Экспортты ілгерілету басқармасынан;

2) Экспорт қызметін мониторингілеу және талдау басқармасынан құралады.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

5. Міндеті: Экспортты ілгерілету бойынша шараларды іске асыру.

Функциясы:

1) Экспортты ілгерілету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді;

2) экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық компанияларды тарта отырып, отандық өңделген тауарларды, қызметтерді ілгерілету бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне сервистік қолдау шараларын беруді және олардың шығындарының бөлігін өтеуді қамтамасыз етеді;

3) Қазақстан Республикасында өңделген тауарлардың, қызметтердің экспортын дамыту мен ілгерілетуге көмектеседі;

4) қазақстандық тауарлардың, қызметтердің сыртқы нарықтарда танылуын арттыру бойынша ұсыныстар енгізеді.

6. Міндеті: экспортты дамыту мен ілгерілетуді мониторингілеу және ағымдық жағдайын талдау.

Функциясы:

1) экспортты ілгерілету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;

2) Қазақстан Республикасындағы экспорттық қызметті мониторингілеуді және талдауды жүзеге асырады;

3) өңделген тауарлардың, қызметтердің экспортын дамыту жөнінде жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарына талдау жүргізеді және қарастырады;

4) экспорттық қызметті дамыту және ілгерілету бойынша және өңделген тауарлардың, қызметтердің экспортын дамытуға арналған қолайлы жағдайларды қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізеді;

5) өңделген тауарлардың, қызметтердің экспортын дамыту мен ілгерілету мәселелері бойынша бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді.

7. Құқықтары мен міндеттері:

7.1. Департамент  құқылы:

1) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен қажетті ақпаратты сұрауға және алуға;

2) құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіпте кеңестерді шақырып, өткізуге, оларға қатысу үшін Министрліктің басқа бөлімшелерінің, басқа мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың мамандарын тартуға;

3) Министрлік басшылығының келісімімен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және Министрлік құжаттарының жобаларын әзірлеу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экспортын насихаттау бойынша іс-шараларды іске асыру үшін басқа құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлерін тартуға;

4) басшылықтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдарда Министрліктің құзыретіне кіретін экспортты дамыту мәселелерін қарастыру кезінде Министрліктің атынан өкілдік етуге, мемлекеттік органдар, халықаралық және өзге ұйымдар өткізетін кеңестердің, отырыстардың, семинарлардың, конференциялардың жұмысына қатысуға;

5) өз құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға  құқылы.

7.2. Департаменттің міндетіне:

1) Министрліктің экспорттық қызметті дамыту мен ілгерілетуді сақтауын қамтамасыз ету кіреді.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

8. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

9. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Директор басқарады.

10. Департамент Директоры Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

11. Департамент Директоры Министрліктің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

12. Директор осы мақсатта:

1) Департаменттің құрамына кіретін басқармалар басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) Департаменттің құрамына кіретін басқармалардың ережелерін бекітеді;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының Президенті актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

13. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департаменттің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.

14. Осы Ережеге сәйкес Департаментке оның қызметіне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салынады.

15. Департамент директоры және Департаменттің құрамына кіретін басқармалар басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.

16. Департамент қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері белгіленген тәртіппен бекітілген лауазымдық нұсқаулықтарда айқындалады.

© 2020

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Экспортты дамыту және ілгерілету департаменті